Мемлекеттік қызметке қабылдаудың жаңа тәртібі
Елімізде мемлекеттік қызметке орналасудың жаңа жүйесі іске қосылды. Жалпы, қабылдау конкурс негізінде жүзеге асырылады. Үміткерлер арнайы портал арқылы өтінім беріп, іріктеу кезеңдерінен өтеді. Жаңа жүйе мемлекеттік қызметке орналасу үдерісін жеңілдетіп, ашық әрі қолжетімді етуге бағытталған.
Қазақстанда әкімшілік мемлекеттік қызметке қабылдау негізінен конкурс арқылы жүзеге асырылады. 2026 жылғы 1 сәуірден бастап іріктеудің жаңартылған тәртібі қолданысқа енгізілді. Жаңа жүйе бойынша үміткерлерді іріктеу үдерісі толықтай автоматтандырылып, онлайн форматқа көшірілді. Өтінім беру мен конкурс кезеңдері интеграцияланған «Е-қызмет» ақпараттық жүйесінің сыртқы порталы — eqyzmet.gov.kz арқылы орындалады. Осы мүмкіндікті пайдаланғандардың бірі — Мерей Кәкімжан.
Жаңа жүйенің негізгі ерекшеліктерінің бірі — азаматтардың бос мемлекеттік лауазымдарды өз бетінше іздеп, электронды форматта өтінім бере алуы. Ол туралы ақпарат «Е-қызмет» порталында, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің интернет-ресурсында және Enbek.kz электрондық еңбек биржасында жарияланады. Бұл ақпараттың кең аудиторияға қолжетімді болуына мүмкіндік береді.
Қазақстанда мемлекеттік қызметке орналасу жүйесі қазіргі таңда үш өзара байланысты бағытпен сипатталады: азаматтардың конкурсқа қатысуына тең мүмкіндіктерді кеңейту, рәсімдердің ашықтығын арттыру және іріктеу процесін цифрландыру. «Е-қызмет» порталы бос лауазымды іздеу мен өтінім беруден бастап, конкурстық рәсімдерден өтуге және
мемлекеттік қызметке тағайындалуға дейінгі негізгі процестерді цифрлық форматта ұйымдастыруға мүмкіндік береді.