Сталкинг: қудалаудан қалай қорғануға болады?
«Сақтықта қорлық жоқ» дейді халқымыз. Өз қауіпсіздігіңе мән беру – қауіптен сескену емес, күтпеген жағдайға дайын болып, өзіңді қорғай білу. Ал біреудің жеке бас шекарасын бұзу – еленбей қалатан әрекет емес. Сталкингтің алдын алу да, оған қарсы тұру да ең алдымен мәселені дер кезінде байқаудан басталады. Елімізде мұндай әрекет үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Жаңа бап іс жүзінде қалай жұмыс істейді? Қудалауға тап болған адам не істеуі керек?
Сталкинг – адамның жеке шекарасын бұзып, соңынан қалмай аңду. Қайта-қайта қоңырау шалу, хабарлама жазу немесе адамның келісімінсіз кездесуге шақыру да осыған жатады. Қазақстанда мұндай әрекет үшін қылмыстық жауапкершілік өткен жылдың қыркүйегінен бастап, Қылмыстық кодекстің 115-бабы 1 тармағы бойынша қарастырылған. Ал Қостанай облысында жыл басынан бері осы бап бойынша 51 қылмыстық іс тіркелген. Оның біреуі – адамды заңсыз қудалау фактісі.
Өзін-өзі қорғау жаттығуларына келетіндердің мақсаты да әртүрлі. Бірі спортпен айналысуды қаласа, енді бірі қауіпті жағдайда абдырап қалмай, өзін қорғай алуды үйренгісі келеді. Лариса Логунова да жаттығуға осы ниетпен келген. Оның айтуынша, қорғанудың негізгі тәсілдерін білу күнделікті өмірде де өзіңе деген сенімді арттырады.
Қауіптің қашан және қайдан келетінін алдын ала болжау қиын. Бірақ кез келген жағдайға дайын болуға болады. Ол үшін өзін қорғаудың негізгі тәсілдерін үйреніп, қажет болса мамандардың көмегіне жүгінген жөн. Ең бастысы – қиын жағдайда жалғыз қалмай, дер кезінде көмек сұрау.