Бір алаң. Бір команда. Бір мақсат
Solidcore Resources компаниясына қарасты кәсіпорындар арасында волейболдан корпоративтік турнир өтті. Екі күндік бәсекеге бес команда қатысып, келесі кезеңге жолдама үшін бақ сынады. Спортшылар алаңда шеберлігін көрсетіп, ұйымшылдық пен командалық рухты қатар сынға салды.
Демалыс күндері Қостанайдағы «Arlan» спорт кешенінде волейболдан тартысты бәсеке өтті. Мұнда Solidcore Resources компаниясының бес командасы бас қосты. Әр ұжым жарысқа тыңғылықты дайындалып келген. Себебі волейболда жеңіске жету үшін жеке шеберліктен гөрі қатар, командалық үйлесім маңызды.
Турнирдің алғашқы күнінде алаңға «Астана» және Павлодардан келген "Ертіс гидрометаллургиялық комбинаты" ЖШС командалары шықты. Алғашқы минуттардан-ақ тартыс қыза түсті. Тор маңындағы тосқауылдар, дәл берілген доптар мен жылдам шабуылдар ойын қарқынын бірден үдетті.
Ал жарыстың екінші күнінде басты мәселе шешілді. Командалар чемпиондық атақ пен келесі кезеңге берілетін жолдама үшін бақ сынады. Қатысушылардың айтуынша, бұл бәсекеге дайындық жұмыстары жарысқа дейін-ақ басталған. Кей командалар екі айға жуық уақыт жаттығып, ойын тактикасын пысықтаған.
Екі күндік бәсекенің қорытындысы бойынша чемпиондық атақ «Комаров тау-кен кәсіпорны» командасына бұйырды. Павлодарлық қарсыластарынан басым түскен олар жарыстың алтын жүлдесін иеленді. Ал күміс жүлде «Варваринское» командасына табысталды. Екі үздік команда енді Ресейде өтетін келесі кезеңде Қостанай облысының намысын қорғайды.