Жаңа мектеп, алғашқы оқу жылы
Қаламызда жаңа оқу жылында №33 жалпы білім беретін мектеп оқушыларға есігін ашты. Жаңа білім ордасы әлеуметтік тұрғын үй алабына жақын орналасқан. Мұнда алғашқы сабақтар басталып, мектеп ұжымы оқыту процесіне кірісті.
Алғашқы оқу жылында білім беру мекемесі бір мезетте бірнеше бағытта жұмысын қалыптастырып жатыр. Бір жағынан, оқушылардың бейімделуіне жағдай жасалса, екінші жағынан жаңа ұжымның өзара үйлесімді жұмысы жолға қойылған. Бұл кезең кейінгі оқу жылдарындағы мектептің ішкі жүйесі мен білім беру сапасына негіз болады.
Қазіргі таңда мектепте 635 оқушы білім алып жатыр. Барлығы 32 сынып жинақталды. Оның 10-ы қазақ тілінде білім беретін сыныптар, қалғаны орыс тілінде оқиды. Қазір де оқушыларды қабылдау жалғасып жатыр. Педагогикалық құрамға келсек, бүгінгі таңда 50 мұғалім жұмысқа қабылданды. Олардың басым бөлігі конкурстық негізде іріктелді. Сонымен қатар үш жас маман және талапқа сәйкес келген, қызыл дипломы бар, GPA көрсеткіші 3,3-тен жоғары үш маман конкурссыз жұмысқа қабылданды.
Мектептің материалдық базасы да жаңа оқу орнының ерекшелігін айқындайды. Заманауи оқу кеңістігімен қатар, оқушылардың сабақтан тыс уақытта демалуына арналған орындар қарастырылған.
Оқушылардың жаңа мектепке бейімделуімен
қатар, мұнда педагогикалық құрам да қалыптасып келеді. Жас мамандардың келуі мектеп ұжымына жаңа кадрлық мүмкіндік берсе, тәжірибелі ұстаздар оқу процесінің тұрақты жүруіне негіз болады.
Мектептің орналасқан жері тұрғындар үшін тағы бір маңызды мәселені алға шығарды. Әлеуметтік тұрғын үй алабында жеке көлігі жоқ отбасылардың үлесі жоғары болғандықтан, балалардың білім ордасына қатынауы қоғамдық көлік жүйесіне тікелей байланысты.
Жаңа мектептің ашылуы тұрғындарға жақын маңнан сапалы білім алуға мүмкіндік беріп отыр. Алғашқы оқу жылы білім ордасының алдағы даму бағытын айқындайтын маңызды кезең болмақ.