Негізгі Жаңалықтар Арқалықта өндіріс пен инфрақұрылым дамып келеді

Арқалықта өндіріс пен инфрақұрылым дамып келеді

Құмар Ақсақалов Арқалық қаласына арнайы іссапармен барып, кеңейтіліп жатқан жаңа құс фабрикасының жұмысымен танысты. Қазір нысанның темір қаңқалары орнатылып, құрылысы басталып кеткен. Толық іске асқан кезде жаңа жұмыс орындары да ашылмақ. Сонымен қатар облыс әкімі Арқалық жылу желілерінің реконструкциялау жұмыстарының барысын бағамдады. 

Облыс әкімі Арқалықтағы жылына жүз млн-нан астам жұмыртқа өндіріп, 232 аймақ тұрғынын жұмыспен қамтып отырған құс фабрикасының тынысымен танысты. Биыл фабрика тағы да кеңейтіліп, өндіріс көлемін арттырмақ. Мәселен, қазір нысан аумағында құны 834,3 млн теңге болатын құрамажем зауыты салынуда.

Құс фабрикасында жұмыртқа өнімінің көлемін арттыру үшін қазір қанаттылардың санын көбейтуді көзделіп отыр. Ол үшін ең әуелі қоражайларды кеңейту қажет. Қазір осыған байланысты тағы бір жоба қолға алынған.

Облыс әкімі жылу құбырларын жаңарту жұмыстарымен де танысты. Биыл Арқалықта жылумен қамтуға қатысты екі жоба іске асуда. Соның бірі — жылу желілерін қайта құру жобасы. Жобаның құны — 5 млрд теңге. Оның аясында 9,9 шақырым жылу желісін жаңарту жоспарланған. Қазірдің өзінде 8,3 шақырым желі қалпына келтірілді.

Жылу желілерін жаңарту жұмыстары келер жылы да жалғасады. 2027 жылы қалған 1,6 шақырым жылу желісін жөндеу жоспарланып отыр. Осы жұмыстар толық аяқталғаннан кейін қаладағы жылу желілерінің тозу көрсеткіші 41 пайыздан 12 пайызға дейін төмендейді.


Бөлісу