Негізгі Жаңалықтар 200 адамды қамтыған экологиялық акция

200 адамды қамтыған экологиялық акция

Қостанай ауданында «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында ауқымды экологиялық сенбілік өтті. Іс-шараны Әділет департаменті ұйымдастырды. Оған 200-ге жуық адам қатысты. Белсенділер Эко-саябақ аумағын тазалап, абаттандыру жұмыстарын жүргізді.

Сенбілікке облыстық Әділет департаментінің мамандары мұрындық болды. «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында ұйымдастырылған экологиялық іс-шараға нотариустар, заңгерлер, жеке сот орындаушылары мен сала ардагерлері де белсене қатысты. Игі бастама 30 қыркүйек – Құқық саласы мамандары күніне орайластырылған. Бірлікпен қолға алынған тазалық жұмыстарына сала ардагерлері де өз үлесін қосты.

Бірер сағат ішінде құқық саласының өкілдері Эко-саябақ аумағында абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда, ескі бұталарды кесіп, қураған жапырақтарды жинады.

Эко-саябақ өңір тұрғындарының сүйікті демалыс орындарының біріне айналып келеді. Қазірдің өзінде мұнда серуендеп, тынығатын жандардың қарасы қалың. Сондықтан саябақ аумағында тазалық пен абаттандыру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі.

Осылайша, құқық саласының мамандары да табиғатқа жанашырлық танытып, Эко-саябақтың ажарын арттыруға атсалысты. Мұндай игі бастама бір күндік іс-шарамен шектелмей, алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Өйткені таза қала – жайлы өмірдің кепілі.


Бөлісу