Алаяқтарға алданып қалмаңыз
Қаржылық сауаттылықта ескеретін тағы бір маңызды мәселе – ақшаны алаяқтардан қорғай білу. Қаржыгерлердің айтуынша, азаматтар ең алдымен қарапайым қауіпсіздік ережелерін білуі керек.
Банк қызметкерлері телефон арқылы клиенттен қауіпсіздік кодтарын немесе жеке мәліметтерін сұрамайды. Сондықтан мұндай қоңырау түскен жағдайда асықпай, сабыр сақтап, қоңырау шалушының аты-жөнін және қай бөлімшеден хабарласып тұрғанын нақтылаған жөн. Қажет болса, ақпаратты банктің ресми арналары арқылы тексеруге болады. Мамандар әсіресе қарт адамдар мен жасөспірімдерге қаржылық қауіпсіздік ережелерін отбасында тұрақты түсіндіру қажет екенін айтады. Алаяқтықтың қауіптілігі – адамның ақшасынан бұрын оның эмоциясына әсер етуінде. «Шотыңыз бұғатталды», «туысыңыз қиын жағдайға түсті», «инвестиция арқылы тез табыс табасыз» деген сияқты хабарламалар адамды асығыс шешім қабылдауға итермелеуі мүмкін. Сондықтан кез келген күмәнді қоңырау немесе ұсыныс кезінде ең дұрыс әрекет – тоқтау, ақпаратты тексеру және бейтаныс адамның талабымен ақша аудармау.