«Қайрақ» бекетінде жүк көліктері бөгелуде
«Қайрақ» автомобиль өткізу пунктінде жүк көліктері жиналып, кезек пайда болды. Бұған өткізу пунктінде жүргізіліп жатқан жөндеу және қайта жаңғырту жұмыстары, сондай-ақ жүк тасымалы көлемінің маусымдық өсуі себеп болып отыр.
Облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, жөндеу жұмыстарына байланысты өткізу пунктінің аумағынан шығатын жерде көлік қозғалысының бір жолағы уақытша жабылған. Салдарынан бекеттің өткізу қабілеті төмендеп, жүк көліктерінің күту уақыты ұзарған. Жағдайды жүк тасымалы көлемінің маусымдық артуы да күрделендіріп отыр. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы және жеміс-көкөніс өнімдерін, сондай-ақ көршілес елдерге бағытталған жүктерді тасымалдау көлемі артқан. Соған қарамастан, өткізу пункті штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері жағдайды бақылауда ұстап, көліктерді рәсімдеу мен өткізу үдерісінің іркіліссіз өтуін қамтамасыз ету үшін тиісті шараларды қабылдауда. Жүк тасымалдаушыларға қалыптасқан жағдайды маршруттарды жоспарлау кезінде ескеріп, мүмкіндігінше басқа автомобиль өткізу пункттерін пайдалану ұсынылады.