Мектептегі тамақтану цифрландырылды
Мектеп асханаларындағы тамақтандыру жүйесі де цифрландырылып жатыр. 1- қыркүйектен бастап білім беру ұйымдарында ас мәзіріне қойылатын жаңа талаптар күшіне енді. Тағам құрамы теңестіріліп, асханалардағы бақылау күшейтілді. Ал кейбір мектептерде оқушының тамақ алғанын Face ID арқылы тіркейтін жүйе пилоттық режимде іске қосылды. Жүйе қалай жұмыс істейді?
Жаңа талап бойынша тағам құрамындағы қант мөлшері 3 жарым есеге, ал тұз 5 есеге азайтылды. Шұжық өнімдері, ысталған тағамдар және өсімдік пен сүт майлары аралас өнімдер ас мәзірінен алынды. Оның орнына көкөніс пен жеміс-жидектің үлесі артты.
Тегін ыстық тамақпен 1-4 сынып оқушылары түгел қамтылған. Ал орта және жоғары буында тегін тамақ әлеуметтік осал санатқа жататын балаларға беріледі. Оқушылардың тізімі оқу жылының басында жасалады. Егер отбасының әлеуметтік жағдайы өзгерсе, ата-ана мектепке немесе ХҚКО-ға жүгініп, баласын тізімге қоса алады. Биыл бұл үдерісті жеңілдету үшін «Әлеуметтік әмиян» жобасы енгізілді.
Ал кей мектептерде биометриялық сәйкестендіру жүйесі сынақтан өтіп жатыр. Арнайы терминал баланы танып, қандай тағам алғанын белгілейді. Ата-ана мобильді қосымша арқылы баласының қашан тамақтанғанын және сол күнгі ас мәзірін көре
алады.
Жаңа стандарт тағам сапасына қойылатын талапты күшейтсе, цифрлық жүйе оқушылардың тамақтануын бақылауға мүмкіндік береді. Ал Face ID арқылы тіркеу баланың тамақ алғанын нақты белгілеп, бұл ақпаратты ата-анаға дер кезінде жеткізеді. Осылайша, мектептегі тамақтандырудың ашықтығы артып, әр оқушыға көрсетілетін қызметтің нақты есебі жүргізіледі.