Негізгі Жаңалықтар Кедергісіз ортаға қадам

Кедергісіз ортаға қадам

Қостанайда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған «Инватакси» қызметіне сұраныс артып келеді. Арнайы көлік әсіресе ем-дом қабылдайтын, арбаға таңылған жандар үшін маңызды. Қазір бұл қызметті бір жарым мыңнан астам адам пайдаланады. Жобаның жұмысы қалай ұйымдастырылғанын тілшіміз біліп қайтты.

Бұл көліктердің күнделікті бағыты алдын ала жоспарланады. Бірі – емханаға, енді бірі – медициналық процедураға мүгедектігі бар азаматтарды тасымалдайды. Қостанай қалалық мүгедектер қоғамы «Инватакси» жобасын 35 жыл бойы жүзеге асырып келеді. Бастапқыда пилоттық жоба ретінде қолға алынған бастама қазір жүздеген тұрғынның күнделікті қажетіне айналған.

Мұнда жұмыс таң атпай басталады. Диспетчерлер түскен өтініштерді жинап, әр көліктің бағытын белгілейді. Бүгінде қызметте 14 машина бар.Жолаушыны мекенжайға жеткізу – жүргізушінің міндетінің бір бөлігі ғана. Арбадағы адамды көлікке отырғызу, арбасын орналастыру, діттеген жеріне дейін шығарып салу да олардың жауапкершілігінде.

Қызмет бірінші топтағы мүгедектігі бар азаматтарға, арбадағы балаларға және жеке көмекшісі бар көру қабілеті төмен жандарға көрсетіледі. Алайда өтініш көбейген сайын көлік жетіспеушілігі де байқалады. Ұйым өкілдерінің айтуынша, әсіресе медициналық процедураларға баратын тұрғындардың сұранысы көп.

Бұл қызмет үшін қысқа жолдың өзі маңызды. Себебі «Инватакси» арқылы тұрғындар емханаға барып қана қоймай, күнделікті шаруасын атқарып, қоғам өміріне араласа алады.


Бөлісу