Негізгі Жаңалықтар Қазақ журналистикасының қара нары

Қазақ журналистикасының қара нары

Қостанайда саналы ғұмырын қазақ журналистикасына арнаған қаламгер Сәлім Меңдібайдың 80 жылдығына арналған еске алу кеші өтті. «Қазақ журналистикасының қара нары» деп аталған іс-шара Л. Толстой атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында ұйымдастырылды. Кешке қаламгердің әріптестері, замандастары мен туған-туыстары жиналып, журналистің өмірі мен шығармашылығын еске алды


Сәлім Меңдібай 1946 жылы Меңдіқара ауданының Ақсуат ауылында дүниеге келген. 1969 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдап, екі жылдан кейін еңбек жолын «Қостанай таңы» газетінде бастады. Қара шаңырақта тілші, кейін жауапты қызметтер атқарып, өмірінің соңына дейін осы басылыммен бірге болды.


Қаламгердің кәсіби жолы ел тарихындағы күрделі кезеңдермен тұспа-тұс келді. Қазақ тіліндегі басылымдардың тағдыры сынға түскен жылдары да Сәлім Меңдібай газеттен қол үзген жоқ. Әріптестері оның қандай кезеңде де қаламға адалдығы мен редакция жұмысының ауыр жүгін бірге көтергенін еске алды. Журналист әдеби портреттер жазып, елге танымал азаматтардың болмысын баспасөз арқылы кейінгі буынға жеткізді.


Сәлім Меңдібайдың газет мектебінен талай жас журналист өтті. Бүгінде олардың бірқатары баспасөз саласында еңбек етіп жүр. Кеште қаламгердің әріптестері оның шығармашылық қолтаңбасын, ұстаздық қырын және басылым тарихында қалдырған ізін сөз етті.



Бөлісу