Мектептерде экологиялық білім беру жүйесі біріздендіріледі
Қазақстан мектептерінде экологиялық білім берудің бірыңғай жүйесі қалыптасады. Бұл стандарт жыл соңына дейін қабылдануы тиіс. Қазірдің өзінде еліміздің білім беру ұйымдарында табиғатты қорғауға бағытталған түрлі бастамалар жүзеге асырылып келеді.
Экологиялық тәрбие мектеп бағдарламасындағы бірнеше пән арқылы беріледі. Жаратылыстану, география, биология, химия, физика және технология сабақтарында қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне көңіл бөлінеді. Бұл бағыттағы жұмыстар мектептен тыс уақытта да жалғасып жатыр. Қазір елімізде 4 мыңнан астам «Жасыл клуб» бар. Оларға 125 мыңнан астам оқушы қатысады. Ал жыл соңына дейін бірыңғай экологиялық ағарту стандарты қабылданбақ. Оны білім беру ұйымдарында іске асырудың негізгі тетігі «Жасыл мектеп» ұлттық моделі болмақ.