Мемлекеттік қолдаудың шарапаты
Қостанайлық шебер ағаштан бесік, сандық, тойбастар мен өрнекті жер үстелдер жасап, ұлттық қолөнерді жаңғыртып келеді. Ата кәсіпті отбасылық кәсіпке айналдырған Талғат Досмұхамбетов – мемлекеттік қайтарымсыз грант иегері. Шебердің қолынан шыққан осындай ерекше туындыларды әріптесім тамашалап қайтты.
Қатты ағашты иін қандырып жонып жүрген Талғат Досмұхамбетовтің шеберлігі көз сүйсіндіреді. Оның қолынан шыққан сандық, ұлттық тойбастар бұйымдары мен заманауи үстелдерге сұраныс жоғары. Себебі мұндағы әр бұйым есеппен ойылып, ұқыпты өрнектеледі. Мемлекеттен берілген қайтарымсыз грантты ұтымды игерген ұстақажетті құралдар сатып алып, ата кәсіптің әлеуетін еселеді.
Ұстаның қолынан шыққан бесіктерге де сұраныс жоғары. Шебер өз туындыларын әлеуметтік желі арқылы насихаттап, кәсібін кеңейтіп келеді. Соның нәтижесінде елдің әр өңірінен тапсырыс түсіп, ұлттық нақыштағы бұйымға қызығушылық артып отыр.
Мемлекет тарапынан берілетін 400 АЕК көлеміндегі қайтарымсыз грант жаңа бизнес жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді. Грант қаржысын кәсіп бастауға керек құрал-жабдықтар мен өзге де қажеттіліктерге жұмсауға болады.
Бұл қолдауға көпбалалы отбасылар, қандастар, қоныс аударушылар, мүгедектігі бар азаматтар және жетім балалар үміткер бола алады. Қайтарымсыз гранттың арқасында ауылдарда жаңа жобалар ашылып, тұрғындардың жұмыспен қамтылуына мүмкіндік артып келеді.