IT Job Fair: жастарға жаңа мүмкіндік
ІТ саласында еңбек жолын бастағысы келетін жастар үшін бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Іс-шараға ақпараттық технологиялар бағытында маман іздеген компаниялар қатысып, үміткерлерге өзекті вакансиялар мен кәсіби мүмкіндіктерін ұсынды. Жәрмеңкеде қатысушылар жұмыс берушілермен тікелей байланысып, бос жұмыс орындары туралы ақпарат алып, түйіндемелерін ұсынып, сұхбаттасудан өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер ІТ мамандарына еңбек нарығының талабымен танысып, өз саласында жұмыс табуға мүмкіндік береді.
IT саласы - бүгінде еңбек нарығындағы ең жылдам өзгеріп жатқан бағыттардың бірі. Цифрландыру қарқын алған сайын, бұл саладағы мамандарға деген қажеттілік те артып келеді. Алайда жұмыс берушіге қажетті маман мен еңбек нарығына енді қадам басқан жас маманның талабын бір арнаға тоғыстыру оңай емес.
Жәрмеңкенің ерекшелігі – жастар тек бос жұмыс орындарымен танысып қана қоймай, компания өкілдерімен тікелей сөйлесіп, өз шама-шарқан көрсетуге мүмкіндік алды. Бұл әсіресе тәжірибесі аз студенттер үшін маңызды. Себебі IT саласында дипломнан бөлек, нақты дағды мен практикалық тәжірибеге де талап жоғары.