Бизнесті дамытуға берілген мүмкіндік
Қостанайда кәсіпкерлерге арналған «Даму» қорының ашық есік күні өтті. Кездесуде бизнес өкілдеріне несие алу, пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, кепілдік рәсімдеу және мемлекеттік бағдарламаларға қатысу тәртібі түсіндірілді.
Кәсіпкерлерге қаржылық қолдау тетіктерін түсіндіру мақсатында «Даму» қоры арнайы ашық есік күнін өткізді. Кездесуге өңір кәсіпкерлері қатысып, несие рәсімдеу, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу және қажетті құжаттар бойынша мамандардан кеңес алды.
Кездесуде кәсіпкерлердің жобалары қаралып, бизнес-жоспарға қойылатын талаптар мен қаржыландыруға өтінім беру тәртібі түсіндірілді. Қатысушыларды әсіресе несие алу мүмкіндігі мен пайыздық мөлшерлеме мәселесі қызықтырды.
Мамандар «Даму» қорының негізгі қолдау құралдарына тоқталды. Соның бірі – несие бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау. Яғни кәсіпкер төлейтін сыйақының бір бөлігі мемлекет тарапынан өтеледі. Ал кепілзаты жеткіліксіз кәсіпкерлер үшін қордың кепілдік беру тетігі қарастырылған.
Ашық есік күніне облыстық кәсіпкерлік басқармасы, Мемлекеттік кірістер департаменті, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы және екінші деңгейлі банктердің өкілдері де қатысты. Кәсіпкерлер салық төлеу, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу және несие рәсімдеу бойынша сұрақтарына тиісті жауап алды.
Мамандардың айтуынша, мұндай кездесулер кәсіпкерлерге қажетті ақпаратты тікелей мамандардан алып, өз жобаларын нақты жоспарлауға мүмкіндік береді.