Эко-саябақта тазалық жұмыстары жүргізілді
Табиғатты қорғау мен қоршаған ортаны таза ұстау – әр тұрғынның ортақ жауапкершілігі. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Қостанай облысында соңғы екі жылда абаттандыру жұмыстары күшейіп, мыңдаған ағаш отырғызылды. Табиғи аумақтарды сақтауға бағытталған жұмыстар жаңа эко-саябақта да жалғасып, оның аумағы тұрғындар үшін жайлы демалыс орнына айналмақ.
Сенбілік өткен нысандардың бірі – Қостанай ауданындағы Мичурин ауылдық округінде бой көтеріп жатқан жаңа эко-саябақ. Аумағы 43 гектардан асады. Мұнда табиғи ландшафтты барынша сақтап, тұрғындардың серуендеп, тынығуына қолайлы жағдай жасау көзделген. Тазалық жұмыстарына облыс әкімі де қатысты.