Телефон сөмкеде – назар сабақта
Қазақстан мектептерінде 1- қыркүйектен бастап мобильді құрылғыларды пайдаланудың бірыңғай тәртібі күшіне енді. Оқушыларға смартфонды мектепке алып келуге болады. Бірақ сабақ кезінде оны қолдануға рұқсат жоқ. Жаңа талап қалай орындалып жатыр?
Бұған дейін ұялы телефонды пайдалану тәртібін әр мектеп өз ережесімен реттейтін. Енді талап елдегі барлық білім беру ұйымына ортақ. Оқушы смартфонын мектепке алып келе алады. Алайда сабақ басталғанда телефон сөмкеде немесе арнайы сақтау ұяшығында болуы тиіс. Қостанайдағы №8 мектепте бұл талапқа бейімделу қиын болмаған. Өйткені мұнда ол тәртіп бірнеше жылдан бері қалыптасқан.