Қос нысан қолданысқа берілді
Қаратал ауылында тарихи маңызы бар нысан жаңарып, қайта қолданысқа берілді. Ел басына күн туған жылдары майданға аттанған азаматтарға арналған ескерткіш жаңғыртылды. Сонымен қатар, ауылда жастардың бос уақытын тиімді өткізуге арналған спорт алаңы ашылды.
Тарихын таныған ел ғана өткенінен сабақ алып, болашағын бағдарлай алады. Қаратал ауылындағы жаңарған ескерткіш — осы қағиданың нақты көрінісі. Майдан даласында қаза тапқан және елге есен-аман оралған ардагерлердің есімі осылайша кейінгі ұрпақ жадында жаңғыра түсті.
Ескерткіштің жаңартылып, қайта ашылуы — тарихи жадыны сақтаудың бір жолы. Себебі соғыс жылдарында ел қорғауға аттанғандардың ерлігі уақыт өткен сайын көмескіленбеуі керек. Керісінше, олардың өнегесі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, елдік құндылық ретінде орнығуға тиіс.