Әулиекөлде әлеуметтік нысандар жаңарып келеді
Ескі ғимараттарға - жаңа тыныс. Әулиекөлде иесіз қалған нысандар қайта жаңғыртылып, тұрғындар игілігіне берілмек. Ауданда кәсіпкерлік бастамалар да көбейіп, халықтың ұсыныстары нақты мәселелерге ұласып отыр. Бұл туралы Құмар Ақсақаловтың ауданға жұмыс сапары барысында айтылды.
Бұл төрт қабатты ғимараттың қаңырап тұрғанына 30 жылға жуықтаған. Бұрынғы білім ошағына жаңа дем беруге шешім биыл қабылданған. Осы жылдың шілдесінде қабырғалары бұзылып, қайта салынған нысан енді әлеуметтік осал топтағы жандарға арналған 31 пәтерлі тұрғын үй болмақ.
Жергілікті құрылыс компаниясы бұған дейін де ауданда 24 пәтерлі үй салған. Ал осы ғимаратты қайта салу үшін сатып алыпты. Қазір жұмыс қарқынды. Мердігерлік ұйым басшысы нысанды осы жылдың желтоқсанында аяқтаймыз деп отыр.