Қаланы дамытудың жаңа кезеңі
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов жұмыс сапарымен Лисаков қаласына барды. Сапар барысында өңір басшысы «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстармен танысып, жаңа кәсіпорындардың құрылысын көрді. Қаланың тыныс-тіршілігі мен жүзеге асып жатқан жобалар туралы толығырақ келесі материалда.
Лисаков - жасыл желегімен ерекшеленетін шаһарлардың бірі. Қаланың ажарын ашқан ағаштар мен гүлзарлар жыл сайын жаңарып, абаттандырылып келеді. Енді Тобыл жағалауы да жаңа кейіпке енбек. Мұнда тұрғындарға арналған демалыс аймағы салынып, бақылау алаңы, орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылады. Сондай-ақ воркаут алаңы пайда болады. Құны 20 миллион теңгеден асатын жұмысты 2027 жылдың қаңтарында аяқтау жоспарланған.
Қаланың келбеті ғана емес, өндірістік әлеуеті де артып келеді. Лисаковта май экстракциялау зауытының құрылысы да қарқын алған. Кәсіпорынға 15 гектар жер бөлініп, әкімшілік-шаруашылық ғимараттар салынуда. Құрылыс жұмысын жеделдету үшін мұнда жеке бетон зауыты да бой көтерген. Қазір нысандардың іргетасын қалау жұмыстары жүріп жатыр. Инвестиция көлемі 39 миллиард теңгеден асады.