Шетел бидайына тыйым салынады
Қазақстанда бидай импортына қойылған шектеу күшейтілмек. Ауыл шаруашылығы министрлігі бидайды автокөлік, теміржол және су көлігі арқылы елге әкелуге толық тыйым салатын бұйрық дайындады. Құжат қазір уәкілетті мемлекеттік органдармен келісіліп жатыр.
Жаңа тәртіп күшіне енсе, бидайды Қазақстанға тек «Азық-түлік корпорациясы» импорттай алады. Шектеуді алты айға енгізу жоспарланып отыр. Министрлік бұл шешімді көрші елдердегі астықтың көптігімен байланыстырады. Геосаяси жағдайға байланысты бірқатар мемлекеттерде бидайды өткізу қиындаған. Оның үстіне астық бағасы да төмендеген. Ведомство арзан шетелдік бидайдың Қазақстан нарығына көптеп келуі отандық шаруаларға кері әсер етуі мүмкін деп санайды. ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрінің айтуынша, шектеу енгізу туралы бұйрық ведомствоаралық келісімнен өтіп жатыр.