Қызыл жалынмен күрес
Бір аптада - 35 өрт. Облыстың бірнеше ауданында қызыл жалынмен күрес күшейді. Дала мен орманды шарпыған өрт елді мекендерге де қауіп төндірді. Қатты жел мен құрғақ ауа райы жағдайды күрделендірді. Абырой болғанда, барлық өрт сөндіріліп, адам шығыны тіркелген жоқ.
6 қыркүйек, сағат түскі 2-лер шамасында Жітіқарада құрғақ шөптен шыққан өрт желдің әсерінен тез тарап, саяжай аумағына жеткен. Тілісзі жаудың қамтыған аумағы 1200 гектарға жетті. 23:00 шамасында өрт оқшауланса, түнгі 1-лер төңірегінде өрт толықтай сөндірілді.
Ал, 8 қыркүйек сағат 13.24-те өрт сөндірушілерге «Дружба» тұрғын алабында құрғақ шөп өртенгені туралы хабарлама түскен. Ол 4 гектар аумақты шарпыған. Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шеккендер жоқ. Қазір өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
Денисов ауданында да өрт қаупі жоғары жағдайы қалыптасты. Күннің ыстығы, құрғақ жел және жауын-шашынның аз болуы оттың тез таралуына себеп болған. Бір күнде аудан бойынша өртке байланысты 11 шақырту түскен. Гришенка ауылында жалынның елді мекенге қарай таралуына жол берілмеді. Өртті сөндіруге құтқарушылардан бөлек, орман шаруашылығының мамандары, ауыл шаруашылығы кәсіпорындары, коммуналдық қызметтер мен жергілікті тұрғындар қатысты. Өрт сағат күндізгі 4-те оқшауланып, кешкі 7-де толық сөндірілді.
Сол күні түскі 2 жарым кезінде Қарабалық ауданында да өрт оқиғасы тіркелді. Өрттен дала өсімдіктері жанып, жалынның бір бөлігі Қарадум орман шаруашылығы аумағына жеткен. Қазір өрт шарпыған аумақ шамамен 150 гектарды құрайды. Оны сөндіруге 100-ден астам адам мен 25-тен астам арнайы техника жұмылдырылды.
Қарабалық ауданына қосымша күштер Федоров ауданы, Қашар кенті мен Қостанай қаласынан жіберілді. Өртті сөндіру жұмыстарына әуеден бақылау жүргізетін тікұшақ та тартылған. Жағдай облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бақылауында. Облыс әкімдігінің жұмылдыру даярлығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасы мамандарының алдын ала болжауынша өрт Ресей Федерациясы аумағынан тараған. Барлық оқиғаның тіркелу себептерін анықтауға шамамен 15 күн уақыт қажет.