Робот – құлтемір емес, қолғабыс
Бүгінде өңірдің ірі кәсіпорындарында кемінде 153 өнеркәсіптік робот пен роботтандырылған кешен жұмыс істейді. Олар көлік құрастырып, кузов дәнекерлеп, бояу жағып, бөлшектерді тасымалдап, күрделі технологиялық операцияларды адамның күшінің орнына дәлдікпен орындап жүр. Бұл – Қостанай өндірісінің жаңа дәуірге аяқ басқанының айқын белгісі.
Әсіресе автомобиль жасау саласында роботтандырудың қарқыны айқын байқалады. «KIA QAZAQSTAN» кәсіпорнында 68 роботтандырылған жабдық пайдаланылса, «KamLitKZ» зауыттарында олардың саны шамамен 51-ге жетеді. Ал«СарыарқаАвтоПромда» 24 өнеркәсіптік робот жұмыс істейді. Олар өндірістік желіде жай ғана қозғалып тұрған механизмдер емес. Нақты міндет атқарады. Бірі кузовтарды дәнекерлейді, енді бірі бояу жұмыстарын жүргізеді. Кейбірі мастика мен герметик жағады, бөлшектерді тасымалдайды, штамптайды, калибрлейді. Токарлық және тісті өңдеу сияқты күрделі операциялар да автоматтандырылған жүйелердің көмегімен орындалады. Технологияның дамуы өндірістегі кадрларға қойылатын талапты да өзгертеді. Роботтың көбеюі адам еңбегінің маңызы азайды дегенді білдірмейді. Керісінше, жаңа технологияны түсінетін, оны басқара алатын және өндірістік процесті талдайтын мамандарға сұраныс артып келеді. Осы ретте кәсіпорындарда қызметкерлерді оқытудың жаңа тәсілдері енгізілуде.