Өңірдің өндірістік әлеуеті артады
Бейімбет Майлин ауданында өндіріс орындарының қатары көбейіп, жаңа жобалар жүзеге асырылып жатыр. Мұнда ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, сақтау және тасымалдауға бағытталған ауқымды нысандар бой көтеруде. Сонымен қатар энергетикалық инфрақұрылым да күшейтілмек. Ауданға жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Құмар Ақсақалов жобалардың жүзеге асу барысымен танысты.
Тобыл елді мекенінің маңында жаңа өндірістік-логистикалық кешен бой көтеріп келеді. Жалпы аумағы - 97 гектарды құрайды. Мұнда ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтап, өңдейтін нысандар, қоймалар, металл конструкцияларын шығаратын зауыт және көлік-логистика орталығы орналасады. Жобаның құны - 10 миллиард теңге. Кешенді толық іске қосу 2029 жылға жоспарланған. Қазір алғашқы нысанның құрылысы жүріп жатыр.
Кешеннің негізгі бағыттарының бірі - ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу. Мұнда бидай мен майлы дақылдардан жылына 365 мың тоннаға дейін құрама жем өндіру жоспарланған. Шикізат негізінен Бейімбет Майлин және оған жақын аудандардағы шаруашылықтардан алынады. Бұл өндіріс өңірдегі мал шаруашылығын қажетті жеммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Ауданда жаңа нысандармен қатар, қолданыстағы кәсіпорындардың мүмкіндігі де кеңейіп келеді. Тобыл элеваторында модернизация жұмыстары жүргізіліп, қосымша қойма орындары іске қосылды.