Жас мамандарға жаңа мүмкіндік
Мемлекеттік қызметке орналасудың жаңа тәртібі күшіне енді. Енді жоғары оқу орнын үздік тәмамдаған түлектердің бір бөлігі конкурссыз жұмысқа қабылданады. Бұған дейін мұндай мүмкіндік тек мемлекеттік грантпен білім алған жастарға берілсе, қазір ақылы бөлімде оқыған түлектер де жаңа жүйеге енгізілді.
Жаңа мүмкіндік ауылдық жерлердегі кадр тапшылығын азайтуға да бағытталған. Үздік түлектер өз өңірінде қалып, алған білімін мемлекеттік басқару саласында қолдана алады. Заңнамадағы бұл норма ауылдық деңгейдегі және аудан әкімдіктеріндегі төменгі лауазымдарға қатысты.
Жас маман үшін теорияны тәжірибемен ұштастыру — жұмыстың алғашқы кезеңіндегі басты міндеттердің бірі. Анастасия Резе қазір қазынашылық
басқармасында құжаттармен жұмыс істеп, мемлекеттік қаржы саласының ішкі тәртібін меңгеріп келеді.
Жаңа тетік мемлекеттік қызметке келетін жастар үшін алғашқы баспалдақты жеңілдетіп отыр. Ендігі міндет — берілген мүмкіндікті кәсіби тәжірибеге айналдырып, мемлекеттік басқару саласында білікті маман ретінде қалыптасу.