Негізгі Жаңалықтар Жаңарған нысан – жергілікті жұрт игілігіне

Жаңарған нысан – жергілікті жұрт игілігіне

Бүгін Қостанай тұрғындары үшін қос қуаныш. Мектептерде алғашқы қоңырау соғылып, шәкірттер жаңа оқу жылын бастаса, қаладағы көптен күткен аквапарк те есігін қайта ашты. Облыстық спорт басқармасының балансына берілген нысан алғашқы келушілерін қабылдап, қостанайлықтарға күз келсе де жазғы көңіл-күйді сыйлады. 

Қостанайдағы жаңғыртылған «Осьминог» аквапаркі Қазақстандағы ең ірі жабық су-сауықтыру кешендерінің біріне айналды. 9 мың шаршы метрден астам аумақта орналасқан нысанда жеті бассейн, су аттракциондары мен балаларға арналған арнайы аймақ бар. Кешен бір мезетте 500 адамға дейін қабылдай алады.

Аквапаркте демалудың бір сағаты – 1800 теңге. 3 жасқа дейінгі балалар мен мектеп оқушыларына, 1 және 2 топтағы мүгедектігі бар жандарға тегін. 3 жастан асқан оқушыларға, көп балалы отбасынан шыққан балаларға, студенттерге зейнеткерлер мен 3 топтағы мүмкіндігі шектеу адамдарға 50 пайыз жеңілдік қарастырылған. Алғашқы келушілер жаңарған нысанды бірден сынап көрді. Бірі бассейнге асықса, енді бірі сырғанақтарды бағындыруға кірісті. Қысқасы, аквапаркте бүгін тыныштыққа орын жоқ - мұнда балалардың күлкісінің сыңғыры мен судың сылдыры қатар естіледі. 


Бөлісу