Негізгі Жаңалықтар Көкөніс жинау маусымы жандана түсті

Көкөніс жинау маусымы жандана түсті

Өңірде көкөніс жинау науқаны басталды. Қазір шаруалар алқаптардағы картоп, қызылша, сәбіз, қияр және қызанақты жинауға кірісті. Жиын-терім жұмыстары қазан-қараша айларына дейін жалғасады. Осылайша кәсіпкерлер күзгі науқан кезінде қысқы азық қорын қамдайды.

Қостанай ауданындағы шаруалар үшін жиын-терім науқаны қыза түсті. Биыл мұндағы жеке қожалық 350 гектар алқапқа картоп еккен. Қазір ерте піскен өнімді жинау жұмыстары басталып, алқапта техникалар тынымсыз жұмыс істеп жүр. Механизатор Руслан Сосаевтың басқаруындағы картоп теру комбайны күніне 10 тоннаға дейін өнім жинай алады. Зманауи техника шаруалар жұмысын жеңілдетіп, жиын-терімді қысқа мерзімде жүргізуге мүмкіндік береді. 

Шаруашылық биыл көкөніс алқабын да кеңейткен. Мұнда 20 гектарға сәбіз, 40 гектарға қызылша, 30 гектарға қырыққабат егілген. Бұдан бөлек, пияз, қияр мен қызанақ та өсіріледі. Қазір ерте пісетін көкөністерді жинау қарқынды жүргізілуде. Ал қысқа сақталатын кейбір дақылдар кейінірек жиналады. Шаруалар оларды күздің соңына дейін аяқтап, қысқы азық қорын қамдамақ. 


Бөлісу