Мектеп – кеме, білім – теңіз
Бүгін қостанайлық өрендер де білім теңізіне кеме салды. Биыл облыс бойынша 113 мыңнан астам оқушы жаңа оқу жылын бастағалы отыр, олардың 10 мыңнан астамы алғаш мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндер.Білімгі құштар жас буынды облыс әкімінің орынбасары құттықтады.
Білім күніндегі алғашқы қоңырау №31 жалпы білім беретін келешек мектепте де салтанатты түрде соғылды. Биыл мұнда жеті бірінші сынып жасақталған. Мектеп табалдырығын алғаш аттағандар Білім күніне ерекше дайындықпен келген. Қыздар бұрымдарына ақ бантик тағып, ұлдар кекілдерін қайырып алтын ұя табалдырығына қадам басты.
Білім әлемінің алғашқы әліппесін ашқан бүлдіршіндер таңдайлары тақылдап тақпақ айтып, өнерлерін ортаға салды. Салтанатты жиында облыс әкімінің орынбасары өңірдегі біліми жетістіктеріне тоқталып, ұстаздар мен оқушыларды жаңа оқу жылымен құттықтады.
Алғашқы қоңырау салтанаты қазақтың ұлы ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің бейнесін сомдаған қойылыммен жалғасты. Ұстаздық жолдың шамшырағына айналған ұлы тұлғаның өнегесі ұлықталып, көптен күткен алғашқы қоңырау үні сыңғырлады.
Алғашқы қоңырау салтанатынан кейін оқушылар мектептегі сынып сағаттарына қатысты. Жаңа оқу жылындағы алғашқы сабақта ұстаздар білімнің маңызына тоқталып, шәкірттерге мектептерін таныстырды.
1200 оқушыға арналған білім ордасы осылайша алғашқы қоңырау мерекесін атап өтіп, жаңа оқу жылына қадам басқан шәкірттерін қабылдады.