Полигон ардагерлері бас қосты
Семей ядролық полигонының жабылғанына биыл 35 жыл. Осыған орай Қостанайда полигон ардагерлері бас қосты. Кездесуде сол кезеңнің оқиғалары еске алынып, ядролық сынақтардың тарихы мен оның салдары туралы сөз болды.
Ардагерлер үшін бұл күннің орны ерекше. Өйткені олардың қатарында Семей полигонына қатысты кезеңді өз көзімен көрген, сол уақыттың оқиғаларына куә болған азаматтар бар. Басқосудың мақсаты – өткен тарихты еске алып, кейінгі ұрпаққа жеткізу.
Семей полигонында алғашқы ядролық сынақ 1949 жылы өткізілді. Қырық жылдан астам уақыт ішінде мұнда жүздеген ядролық сынақ жасалды. Ал 1991 жылдың 29 тамызында Семей ядролық полигоны ресми түрде жабылды. Қостанай облысында полигон сынақтарынан зардап шеккені үшін соғыс ардагерлерімен теңестірілген 47 адам бар.