Қостанай вокзалы: тарих пен жаңа келбет
Қостанай теміржол вокзалы қайта түледі. Тарихы терең нысанның келбеті өзгергенімен, оның басты міндеті - адамдарды алыс-жақын қалалармен байланыстыру – еш өзгерген жоқ. Енді вокзалдың жаңа мүмкіндіктерін жолаушылардың өздері де бағалай алады. Жаңғырту барысында ғимараттың сәулеттік ерекшелігі сақталып, жолаушылар үшін оңтайлы жағдайлар қарастырылған.
Қостанай теміржол вокзалының тарихы өткен ғасырдың басынан басталады. 1913 жылдың қазан айынан бастап Троицк - Қостанай теміржол желісі арқылы алдымен жүк, кейін жолаушылар пойызы тұрақты қатынай бастаған. Сол кезде алғашқы вокзал ғимараты да бой көтерді. Арада бірнеше онжылдық өткен соң қала халқының саны артып, жолаушылар легі көбейді. Осыған байланысты 1970 жылдардың басында жаңа вокзал ғимаратын салу қажеттігі айқын сезілді. Шетелдік сәулетшілер әзірлеген жоба бойынша ол Кеңес Одағындағы ірі теміржол вокзалдарының біріне айналуы тиіс еді. Нәтижесінде 1974 жылы ескі ғимараттың орнына жаңа Қостанай теміржол вокзалы пайдалануға берілді.