Қостанайда мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге бағытталған ауқымды байқау өтті. «Тілдарын» орталығының ұйымдастыруымен өткен «Үздік оқытушы -2026» облыстық байқауында өңірдің ең үздік тіл мамандары бас қосты. Ұлт ұстазының есімі берілген сайыстың мақсаты – қазақ тілін оқытудың тиімді әрі заманауи әдістерін насихаттап, үздік тәжірибелерді ортаға салу.

«Үздік оқытушы» байқауына Қарабалық ауданынан арнайы келген Алмабике Ескендірова мемлекеттік тілді түрлі сала мамандарына үйретіп жүр. Тәжірибелі оқытушы бүгінде тіл меңгертуде жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңінен қолданады. Биылғы байқауда да ЖИ арқылы қазақ тілін оқытудың заманауи әдістемелерін ұсынды.

«Үздік оқытушы-2026» байқауы мемлекеттік тілді меңгертіп жүрген және өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйрететін педагогтер арасында ұйымдастырылды. Байқау үш кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңде қатысушылар өзін таныстырып, кәсіби тәжірибесімен бөліседі. Екінші кезеңде оқыту барысында қолданатын әдіс-тәсілдері мен заманауи құралдарын таныстырады. Ал қорытынды кезеңде үміткерлер қазылар алқасының алдында сынамалық топпен ашық сабақ өткізіп, тіл үйретудегі шеберліктерін көрсетеді.