Өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы ашаршылық, сталиндік қуғын-сүргін мен қырқыншы жылдардағы соғыс нәубетінен өткендердің қай-қайсысы да қаһарлы күндер күмбірін ұмытпақ емес. Бала күнінен осындай қиын күндерді басынан кешкен, бүгінде ел танитын абызға айналған ақсақалдарымыздың бірі – Дәуренбек Ахметбеков. Белгілі журналист, шежіреші, тыл еңбеккерін Жеңіс мерекесі қарсаңында QOSTANAI телеарнасы үйіне арнайы барып құттықтады.
Қостанай қаласының тұрғыны Дәуренбек Ахметбеков ақпарат саласының ардагері. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда 11 жаста болған ол, бұғанасы қатпай тұрып тылда еңбек еткен. 1954 жылдан бастап «Лениншіл жас» газетінің Қостанайдағы тілшісі, «Қостанай таңы» газетінің әдеби бөлімі меңгерушісі бола жүріп, 1959 жылы облыстық радиоға аға редактор қызметіне ауысып, 30 еңбек еткен. Кеңес Одағының екі мәрте батырлары Талғат Бигелдинов, Леонид Беда бастаған, өңірімізге қонатын ғарышкерлердің талайымен, белгілі тұлғалармен сұқбаттасқан маман.