Қостанай облысындағы Перелески ауылының тұрғыны асыл тұқымды қой түрін көбейтіп келеді. Ол қысы қатты арқаның даласына бабы бөлек малды жүрексінбей жерсіндірген аз шопанның бірі.

Биыл буаз малдың көбі егіз қоздапты. Бұл – қыс бойы бір өзі күтіп баптап, ит-құсқа алдырмай аман алып шыққан қойшының мерейі. Әбілбек Ерсарин он жылдан астам уақыт байсары, арашан, шымкент және тәжік гиссары сынды бірнеше асыл тұқымды қой түрін бағады. Бүгінде қорасында 50-дей түлік бар. Олардың бой бітімі де, күтімі де – ерек. Мысалы, жаңа туған қозылардың салмағы 8 келіден асып тұр.

Әзірге облыста екі ірі қожалық қана селекция жүргізеді. Еділбай, қазақтың құйрықты қылшық жүнді және гиссар тұқымы жергілікті климатқа төзімді болған соң, сұранысқа ие. Былтыр Әбілбек Ерсарин республикалық көрмеге екі қошқар, бір қозысын апарып, топ жарды. Бұл өңір үшін кенжелеп қалған кәсіпке серпін берер жетістік.