Қостанай қаласындағы Ғафу Қайырбеков атындағы №9 мектеп 40 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде атап өтті. Тарихы терең білім ордасының айтулы күніне мектепте еңбек еткен ардагер ұстаздар, әр жылдардағы түлектер мен білім мекемесін басқарған бұрынғы басшылар арнайы шақырылды.

Төрт онжылдық тарихы бар білім шаңырағы талай түлекті үлкен өмірге қанаттандырды. Осы уақыт аралығында білім ордасы мыңдаған шәкіртке сапалы білім мен тәлім-тәрбие беріп, олардың үлкен өмірге жол табуына себепкер болды. Мерейтой аясында мектептің қалыптасу кезеңдері, жетістіктері мен табысты түлектері туралы кеңінен айтылды. Салтанатты шара барысында білім ошағының алғашқы жылдарынан бастап бүгінге дейінгі тарихы бейнероликтер арқылы көрсетіліп, қонақтар өткен күндерге саяхат жасағандай әсер алды.