Торғайдың «Жұмат Шанині» атанған, Аманкелді ауданында театр саласының дамуына үлес қосқан, батпаққаралық тұңғыш режиссер, халық театрының негізін қалаушы Мейрамхан Қапышевтың туғанына 90 жыл толуына орай еске алу кеші өтті. Айтулы дата аясында халық театрларының аймақтық байқау-фестивалі ұйымдастырылып, оған жеті ұжым қатысып, өзара өнер сайысына түсті
Аманкелді аудандық халық театрының тарихы – тұтас бір дәуірдің шежіресі. Театр 1960 жылы құрылып, алғашқы қадамын аудандық қызыл үйдегі өнерлі жастардың драмалық үйірмесінен бастады. Халық театрының алғашқы режиссері Мейрамхан Қапышев – өз ісінің нағыз шебері, сахна өнерінің шынайы жанашыры ретінде ел жадында сақталған тұлға. Өнер саңлағына арналған тағылымды кештің шымылдығын аудан әкімі ашты.