Науырзым және Әулиекөл аудандарында «Өнеріміз саған, Қазақстан» атты 38- дәстүрлі байқау-фестивалі жоғары деңгейде ұйымдастырылып, ел руханиятына серпін берген маңызды іc-шараға айналды. Игі жоба тек ұлттық өнерді дәріптеп қоймай, жас таланттарға даңғыл жол ашып, халықтың мәдени өмірін жандандыруға бағытталды. Фестиваль аясында қос аудан өнерпаздары өзара тәжірибе алмасып, сахна төрінде ән мен күйден шашу шашты.
Домбыраның күмбірлеген үні, халық әндерінің әуезді сазы, ұлттық билердің көркем қимылдары көрерменің ыстық ықыласына бөленді. Негізі, іс-шараның мақсаты – мәдениетті дамыту, ұлттық өнерді кеңінен насихаттау және оның өрісін кеңейту. Осы бағытта фестиваль барысында жас орындаушыларға зор көңіл бөлініп, олардың шығармашылық әлеуетін ашуға мүмкіндік жасалды. Сахнаға алғаш рет шыққан жастар өз өнерін батыл көрсетіп, қошеметке ие болды. Бұл олардың алдағы уақытта үлкен сахналардан көрінуіне сенімді қадам болмақ.