Аймақ аумағын аралап, ауылдың алты ауызын анықтап, тасада қалған талантты тану мақсатында ұйымдастырылған дәстүрлі байқау-фестиваль өңірдің оңтүстік өлкелерінде де жоғары деңгейде көрініс тапты. Қарт Торғайдан Батпаққараға кейін Арқалық қаласына ат басын тіреген қазылар алқасы жергілікті өнерпаздар әзірлеген концерттік бағдарламаға тиісті бағаларын берді. Мәдениет саласында жыл қорытындысы саналған өнер мерекесіне тілшіміз куә болып қайтты.
Тарихы терең, тума талантқа бай Торғай төрінде өткен өнер бәсекесінде жергілікті мәдениет саласының өкілдері ұлттық нақыштағы ән-күйлер мен сахналық қойылымдарды көпшілік назарына ұсынды. Ауыл өнерпаздарының табиғи таланты мен сахна мәдениеті қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Әсіресе дәстүрлі ән мен жыр-терме жанры ерекше көрініс тауып, көнеден жеткен өнердің сабақтастығы айқын сезілді.