Қостанайда қазақ боксына елеулі үлес қосқан жаттықтырушыларды еске алуға арналған халықаралық бокс турнирі өтіп жатыр. Жасөспірімдер арасындағы бәсеке төрт күн аралығында көрініс таппақ. Астықты алқапта өрбіген аламанның деңгейі жоғары.
Мемориалдық турнирге Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей және еліміздің барлық облыстарынан келген боксшы қатысуда. Бір кездері, Геннадий Головкин, Данияр Елеусінов және Серік Сәпиевтер қатысқан жарысқа шетелдерден келген қатысушылар да бар. Ағаларының жолын қуу үшін Темірлан Абдуллин да Ақтөбе облысы Алға ауданынан өз бағын сынауға келген.
Қазақ боксына елеулі үлес қосқан жаттықтырушыларды еске алу турнирі жыл сайын өтеді. Халықаралық мәртебеге ие сайыс биыл 5 мемлекеттің мықты деген боксшыларының басын қосты. Бас-аяғы 4 күнге ұласатын дүбірлі додаға жүзден астам былғары қолғап шеберлері келген. Жастар арасындағы халықаралық жарыста кіл «сен тұр, мен атайын» деген сайыпқыран жігіттер жүзден жүйрік шығып, жеңіс тұғырына көтерілмек.
Шаршы алаңға шығатын спортшылар 5 мамырға дейін өзара баптарымен қатар бақтарын сынайтын болады.