Қостанайда коммуналдық қызметке, нақты айтқанда су төлемі бойынша қарызы бар тұрғындарды анықтау және берешекті өндіру жұмыстары жалғасуда. Ұйымдастырылған рейдтік іс-шара барысында «Қостанай-Су» кәсіпорны қызметкерлері бірнеше мекен жайды тексеріп, борышкер пәтер иелерімен жұмыс жүргізді.

Аталған рейдтің алғашқы мекен жайы – Қорған көшесіндегі №4- үй. Баспанадағы кей тұрғындар есік ашпақ түгілі қызметкерлермен байланысқа шықпады. Бұл жағдайда мамандар есікке ескерту қағазын қыстырып, қарызын өтеуге бес күн берді. Ал басқа пәтер иелерімен тікелей тілдесу мүмкін болды. Олар берешегін мойындап, ішінара төлем жасағанын растады.