Қостанайдағы 6697 әскери бөлімінің 70-ке жуық әскери қызметшісі Арқалық қаласына барып, су тасқынына қарсы іс-шараларға белсенді түрде қатысып жатыр.
Көктемгі қардың жаппай еруі мен ауа райының күрт жылынуына байланысты ңтүстік аудандарда су деңгейі көтеріліп, елді мекендерге қауіп төндіруде. Осыған орай, төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында Ұлттық ұланның сарбаздары дер кезінде көмекке келді. Қазіргі уақытта ұландықтар жергілікті атқарушы органдармен және құтқару қызметтерімен бірлесе отырып, қорғаныс бөгеттерін нығайту, құм толтырылған қаптарды дайындау және оларды қауіпті аймақтарға орналастыру жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар, су басу қаупі бар аумақтарды бақылауға алып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге күш салуда. Әскери қызметшілер өздеріне жүктелген міндеттерді жоғары жауапкершілікпен атқарып, тәртіп пен ұйымшылдықтың үлгісін көрсетуде. Олар тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырып, табиғи апаттың салдарын азайтуға барынша күш жұмсауда.