Облыс орталығында «Отан отбасынан басталады: Халық таңдауы – ел болашағы» атты форум-фестиваль өтті. Бұл – тек пікір алмасу алаңы емес, ұрпақ тәрбиесі мен ел болашағына деген ортақ жауапкершілікті терең сезіндіретін тағылымды кездесу болды. «Жастар сарайында» жүзеге асқан жоба жайлы толығырақ тілшіміз баяндайды.

Отбасы – тәрбие бесігі. Әке мен ананың ақыл-өнегесі, үлкенге құрмет, кішіге ізет сынды асыл қасиеттер дәл осы шаңырақта қалыптасады. Бала алғаш рет жақсы мен жаманды ажыратып, адамгершілік ұстанымдарды бойына сіңіреді. Сол арқылы ол ертеңгі қоғамның саналы азаматына айналады. Демек, әрбір отбасы – ел болашағын қалыптастыратын шағын мектеп.

Ал халық таңдауы – ел тағдырын айқындайтын шешуші күш. Әрбір азаматтың дауысы – мемлекеттің ертеңіне қосылған үлес. Саналы таңдау жасай алатын қоғам ғана әділетті, тұрақты әрі өркениетті мемлекет құра алады. Бұл жерде де отбасының рөлі айрықша. Себебі саяси сауаттылық, азаматтық жауапкершілік, елге, ата-анаға деген жанашырлықтың бәрі де отбасында қалыптасады.