Қостанайда «ALLUR CYBERLAND CUP 2026» халықаралық киберспорт турнирі өтті. Ол DIGITAL-Наурыз онкүндігі аясында ұйымдастырылып, Орталық Азияның ең мықты командаларын біріктірді. Жарысқа Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан командалары қатысты. Қатысушылар жүлде қоры мен халықаралық турнирде жеңімпаз болу үшін бақ сынасты.

Турнирдегі әрбір кездесу жоғары қарқынмен және тартысты өтті. Көп жағдайда раунд тағдыры санаулы секундтарда шешіліп, жанкүйерлерге ерекше әсер сыйлады. Жарыс екі кезеңнен тұрды. Алдымен командалар арнайы жүйе бойынша топтық матчтарда best-of-3 форматында ойнады. Командалар жоғары деңгейдегі дайындықты, стратегияны және үйлесімді командалық ойын көрсетті. Қатысушылардың айтуынша, мұндай жарыстар тәжірибе жинақтауға және өңірдегі киберспорт деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Ұйымдастырушылардың сөзінше, мұндай турнирлер өңірдің цифрлық мәдениетінің маңызды бөлігіне айналуда. Олар киберспортты дамытып қана қоймай, технология арқылы өзін жетілдіруге ұмтылған жастарды біріктіреді.