Ауыл мектептерінде оқитын оқушыларға арналған «Мың бала» ұлттық зияткерлік олимпиадасына тіркеу басталды. Жобаны жетінші жыл қатарынан ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен «El Umiti» корпоративтік қоры ұйымдастырып келеді.

Олимпиаданың басты миссиясы - ауыл оқушыларына сапалы білім алу мүмкіндігін жасау. Жеңімпаздар еліміздегі беделді мамандандырылған білім ордалары - республикалық физика-математика мектебі, «Білім-Инновация» лицейлері және «Дарын» мектептерінде оқу мүмкіндігіне ие болады. Жоба басталғалы олимпиадаға ауыл мектептерінде білім алатын 817 мыңнан астам 6-сынып оқушысы қатысқан. Солардың арасынан 6000 оқушы жеңімпаз атанып, 1800-ден астамы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептерге қабылданған. Ал былтыр «Мың бала» олимпиадасының алғашқы 144 түлегі мектепті тәмамдап, жоғары оқу орындарына оқуға түскен.