Көлік салығын бірінші сәуірге дейін төлеу қажет. Мемлекеттік кірістер департаменті міндетті аударымның мерзіміне қатысты тағы да ескерту жасады. Бүгінгі күні темір тұлпар тізгіндеген қостанайлықтардың тек 20 пайызы ғана мемлекет алдында қарызын өтеген.

Өңірде 170 мың азамат көлік салығын төлеуі қажет. Олардың иелігінде 204 мыңнан аса көлік құралы тіркелген. Осылайша қостанайлықтар мемлекетке 3,9 млрд теңге қарыз. Алайда, жұртшылық міндетті жарнаны бюджетке аударуға асығар емес. Мамандардың айтуынша, тек 34 мың салық төлеуші ескертуге құлақ асқан. Олардан ортақ қазынаға түскен қаржы шамамен 800 млн теңге шамасында.