Көктем келісімен ұлттық спорт түрлері де жандана түседі. Әсіресе ат спортына қызығушылар көбейіп, көкпар, аударыспақ секілді ұлттық ойындар қайта қарқын алады. Бүгінде облыста ұлттық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп, жас спортшылардың қатары артып келеді. Айта кетейік, биыл облыстан бір спортшы көкпардан өтетін әлем чемпионатында Қазақстан намысын қорғамақ.

Қазақтың қанына сіңген ұлттық ойындардың бірі – көкпар. Ат үстіндегі ептілік пен күш-қайратты талап ететін бұл спорт түрі бүгінгі таңда да өз маңызын жоғалтқан жоқ. Көктем шыға ұлттық спорт мектептерінде жаттығу жұмыстары қыза түседі. Жас спортшылар атқа мініп, шеберліктерін шыңдап жатыр. Солардың бірі – Нұрасыл.