Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі елімізден ірі қара мал етін экспорттау ережелеріне өзгерістер енгізуді жоспарлап отыр. Ведомство ұсынған жаңа өзгерістер бордақылау ісімен айналысатын шаруалардың жұмысын жеңілдетпек.

Атап айтқанда, бұған дейін тек ірі кәсіпорындарға тиесілі болған квоталар енді орта деңгейдегі шаруашылықтарға да қолжетімді болады. Бұл жоба отандық тауар өндірушілерді ынталандыру үшін әзірленді. Айта кетейік, бұрын тек өз ет комбинаты барларға ғана басымдық берілсе, енді 5 000-нан астам малы бар бордақылау алаңдары жеке мал соятын цехы болмаса да, өзге кәсіпорындар арқылы өз өнімін шетелге саудалай алады. Сондай-ақ, өз ет комбинаты бар шаруашылықтар үшін мал басының шекті саны 500-ге дейін төмендетілген. Жалпы квота көлемі 20 мың тонна деңгейінде сақталып, ол 6 ай мерзімге жарамды болады.