Жылыту маусымының өтуіне бақылау және алдағы жөндеу науқанына дайындық аясында Энергетика министрлігінің Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің төрағасы Ержан Ертаев Қостанай облысындағы энергетикалық нысандарды аралады. Рудный Жылу энергетикалық орталығындағы қайта жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты.
Қазір № 1 қазандықтың монтажы аяқталуға жақын, № 3 турбинаның генераторын ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Қазандық бойынша монтаж жұмыстарын 30 наурызға дейін аяқтау жоспарланған, сәуір - маусым айларында іске қосу-реттеу жұмыстары жүргізіледі. Қазандықты іске қосу станцияның қолда бар қуатын 30 МВт-қа арттыруға мүмкіндік береді. Биыл Рудный Жылу энергетикалық орталығында бір қазандық агрегаты мен екі турбоагрегатты күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. Жылыту маусымының тұрақты аяқталуын қамтамасыз ету және энергетикалық нысандарды алдағы жөндеу науқанына уақтылы дайындау маңызды. Барлық жұмыстар белгіленген мерзімде және энергия жүйесінің қауіпсіздігі талаптарын сақтай отырып жүргізілуі тиіс. Бұл өңірлерді тұрақты энергиямен қамтамасыз етуге тікелей әсер етеді, деп атап өтті Ержан Ертаев. Комитеттің Қостанай облысы бойынша аумақтық департаментіне жылыту маусымының өтуін, жөндеу науқанына дайындықты және су тасқынына қарсы іс-шаралардың іске асырылуын тұрақты бақылауда ұстау тапсырылды, делінген хабарламада.