Қазақстандық колледждер базасында студенттердің кәсіпкерлік, бизнес-жоспарлау және стартап жобаларды дамыту бойынша білім алуына жағдай жасау мақсатында шағын кәсіпорындар құрылуда, деп хабарлайды Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.
Енді колледждер өз базасында шығарған тауарлар мен қызметтерден табыс таба алады. Студенттер жиһаз жасау, тігін тігу, кондитерлік және нан-тоқаш өнімдерін пісіру секілді кәсіптерді игере отырып, оны кіріс көзіне айналдыру дағдыларын да меңгереді. Бұл кәсіпорындар студенттерге түрлі кәсіби дағдыларды игеруге, оның ішінде коммуникация құруға, жобаларды басқаруға, маркетинг және қаржы бойынша білім алуға мүмкіндік береді және олардың алған білімдерін іс жүзінде қолдануға мүмкіндік береді. Шағын кәсіпорындар есебінен түскен қаражат оқу орындарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға жұмсалады, бұл олардың дамуына және білім беру сапасын арттыруға ықпал етеді. Қазіргі уақытта оқу орындары базасында 26 шағын кәсіпорын жұмыс істейді. Жыл соңына дейін тағы 14 жаңа кәсіпорын ашу жоспарлануда.