Қостанайда шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғандарды бақылау үшін полицейлер электронды білезіктерді қолдану шараларын жалғастырып жатыр деп хабарлайды облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Мұндай білезіктер шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған және кәмелетке толмағандарға қатысты сотталған Әкімшілік қадағалаудағы адамдарға тағылады. Электрондық бақылау құралы, ең алдымен, жазаны өтеу шарттарын үнемі бұзатындарға қолданылады. Жергілікті полиция қызметі заңды талаптарды орындамаған сотталғандарды ерекше бақылауға алды. Осы мақсатта Қостанай қаласының полиция басқармасына осындай 20 бақылау құрылғысы бөлінді. Жергілікті полиция қызметінің  мәліметінше, білезіктер су өткізбейді, жеңіл, кию кезінде қандай да бір ыңғайсыздық тудырмайды. Оны әдейі өздігінен алып тастау мүмкін емес. Мәселен, есепті тұлға учаскелік полиция инспекторларының тәулік бойы бақылауында болады. Байланыстырылған қосымша арқылы тәртіп сақшылары бақыланатын адамның нақты орналасқан жерін, сондай-ақ оның күні бойы қозғалысын біліп отырады. Егер ол сот шешімімен тыйым салынған жерге барса, тиісті шара қолданылады. Ал, бірнеше рет бұзушылықтар жасаған жағдайда сот алдында ол адамды бас бостандығынан айыру орындарына қайтару туралы мәселе қозғалады. Айта кетейік, Қостанай қаласының жергілікті полиция қызметінде 121 шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған және 26 адам есепте тұр, оларға қатысты сот әкімшілік қадағалау белгілеген.