Елімізде жеңілдетілген микронесие берудің жаңа тетігі әзірленді. Енді 35 жасқа дейінгі жастар төмен пайыздық сыйақы мөлшерлемемен мемлекеттен несие ала алады. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба аясында жүзеге асырылатын шараның негізгі талаптары мен ережелері қандай?


Бүгінгі күні ісін жүргізіп, табысты кәсіпкер болғысы келетін белсенді жастардың қатары күн санап артып келеді. Бұл мақсатта жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік қолдау да қарқынды. Енді кәсібін дөңгелетемін деген жанға конкурстық негізде микрокредитттер берілетін болады. Оған 21 мен 35 жас аралығындағы азаматтар қатысуға мүмкіндік алады. Негізгі ерекшелігі – номиналды сыйақы мөлшерлемесі 2,5 % -дан аспайды.


Айдана Сарыбаеваның жасы 28-де. Қазір медициналық киімдерді тігумен айналысады. 2022 жылдың басында «Бастау бизнес» курсынан өтіп, жеке ісін ашыпты. Өнімдеріне сұраныс көп екендігін айтады. Алдағы жоспар – кәсібін кеңейтіп, цех ашу. Бұл үшін жастарға арналған микрокредитті пайдалануға ниетті.


Микрокредиттер «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы беріледі. Оны кез-келген мақсат үшін 5 жылға дейін, ал мал шаруашылығы үшін 7 жылға дейінгі мерзімге алуға болады. Алғаш рет төмен сыйақы мөлшерлемемен берілетін несиеге қатысудың негізгі талаптары мен ережелерін сала мамандары атады.


Конкурстық комиссия облыс әкімінің шешімімен кәсіпкерлік, жергілікті атқарушы органдар өкілдері, қоғамдық бірлестіктер мен бизнес иелерінің қатысуымен құрылады. Қазір бұл мақсатта атқарылып жатқан жұмыстар қарқынды, дейді сала мамандары. Ал, шағын несие беру наурыз-сәуір айларында басталады деп жоспарланып отыр.